Қостанай облысы аналогты телехабар таратуды өшіруге дайын. Өңірде цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу бойынша жобаны іске асыру толығымен аяқталды. Бұл туралы Қостанай ОРТТД директоры Арман Ахметов хабарлады. Оның айтуынша, алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында облыста 59 радиотелевизиялық станцияның құрылысы салынып, жаңғыртылды, оның 32-сі жаңадан тұрғызылған. Қазіргі кезде барлық РТС пайдалануға енгізіліп, толығымен жұмыс істеп тұр.
«Бүгінгі таңда Қостанай облысында цифрлық эфирлік телехабар тарату қазірдің өзінде қолжетімді. Жобаны іске асыру өңірде 2018 жылы желтоқсан айында аяқталды. Жасалған жұмыстардың қорытындылары бойынша халықтың 98%-ы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылған. Облыстың ең шалғай елді мекендерінің тұрғындары дыбыс пен суреттің цифрлық сапасымен 15 шақты телеарнаены көруге, ал облыс орталығы мен оған жақын аудандарда 30-ға жуық отандық телеарнаны көруге еркін қол жеткізіп отыр», – деді Арман Ахметов.
«Қазтелерадио» АҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры, сондай-ақ, облыстағы 627 елді мекеннің 49-ы ЦЭТХТ-мен қамту аймағына кірмейтінін хабарлады. Ол көрсетілген елді мекендердің тұрғындарын сапалы телевизиямен қамту мақсатында халықты ақпараттандыру және оларды ұлттық жерсеріктік оператор «OTAU TV»-геқосу жөнінде жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
«Облыстың 2000-дай үй шаруашылығы ЦЭТХТ-мен қамту аймағына кірмейді, сөйте тұра оларға сапалы телевизия қолжетімді. Қазіргі сәтте 1500-ден астам үй ұлттық оператор OTAU TVжерсеріктік телевизиясына қосылған. Халықты толықтай қамтуды қамтамасыз ету үшін жерсеріктік телевизияға 4500-дей үй шаруашылығын қосуымыз қажет» , – деп атап көрсетті Арман Ахметов.
Сөзінің аяғында «Қазтелерадио» АҚ Қостанай облысы бойынша филиалының басшысы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды цифрлық қабылдағыштармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар туралы да айта кетті.
Оның сөзінше, облыстық және аудандық әкімдіктердің қолдауымен 2019 жылдың аяғына дейін 863 атаулы әлеуметтік көмек алушыға цифрлық сигнал қабылдағыш берілетін болады. Барлық отбасыларды жабдықпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 9,5 млн. теңге бөлінді.
Қостанай облысында аналогты телехабар таратуды өшіру 2019 жылғы маусым айына жоспарланған, сондай-ақ, үстіміздегі жылдың жазында Алматы және Павлодар облыстары ЦЭТХТ-ға толық көшеді. Бұдан бұрын 2018 жылы аналогты телевизия Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 100% өшірілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елде цифрлық эфирлік телехабар таратуға кезең-кезеңмен көшу жоспарланған. Осы бағдарламаға сай 2021 жылға қарай Қазақстан аналогты телехабар таратудан толықтай бас тартады.