Қазақстан Республикасы Елбасының 2017 жылғы «26» қазандағы №569 және 2018 жылғы «19» ақпандағы №637 Жарлықтарымен мемлекеттік тіл қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстырады. Бұл мемлекеттік деңгейдегі маңызды шараға дайындық қазірден-ақ жүргізіліп жатыр. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының құрметіне «Қазтелерадио» АҚ-ның Орталық аппаратында 2019 жылғы 19 наурызда қазақ тілінен латын қарпі негізіндегі жаңа әліпби бойынша диктант өткізілді. Аталған шара Қоғам жұмыскерлерінің қазақ тіліне деген құрметін арттыруды және латын әлібиіне көшу сияқты елдік мәселеге деген қолдауын білдіруді көздейді. Сондай-ақ, жұмыскерлерді латын әліпбиімен мәтіндер жазуға, яғни құжаттар дайындау ісіне үйрету де – басты мақсаттардың бірі. Мемлекеттік маңызы бар бұл шараға Орталық аппарат, сондай-ақ, Алматы қаласындағы филиал жұмыскерлері қатысуға ниет білдірді. Барлығы диктант жазуға 29 жұмыскер қатысты.
Диктант барысында қатысушының алдына қазақ тіліндегі дайын мәтін латын әліпбиімен қоса берілді. Жаңа әліпби негізінде мәтінді көшіріп жазып шығу тапсырылды.
Шараны өткізу барысында жұмыскерлердің белсенділіктері, жауапкершіліктері жоғары деңгейде болғанын айта кету керек. Қатысушылар берілген тапсырмаға аса мұқияттылықпен қарап, қате жібермеуді бақылауда ұстады. Диктант жазу барысында туындаған кейбір сұрақтарға шараны ұйымдастырушы «Қазтелерадио» АҚ Кеңсесінің мемлекеттік тіл бойынша мамандары С.Өтеуғалиева мен Қ.Сәрсебаева жауап берді. Аталған мамандар жұмыскерлерге латын қарпі жазуы негізіндегі жаңа әліпбиге өтуге дайындық барысы, жетістіктері мен қиындықтары туралы қысқаша мағұлматтар берді.