Scroll to top
ru kz

Әлеуметтік сауалнама

Аналогтық телехабар таратудан цифрлық жүйеге көшу процесі Қазақстанда қарқынды жүріп жатыр. Былтыр Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының халқы цифрлық эфирлік телевизияна толықтай қосылған болатын. Жаңа жүйенің артықшылықтары аз емес. Біріншіден, қолжетімді телеарналар санының артуы. Бұрын шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үй антеннасының көмегімен 4-5 арнаның сигналын қабылдап келсе, енді 15 шақты қазақстандық телеарнаны тамашалап отыр. Екіншіден, бейне мен дыбыстың жоғары сапасы. Үшіншіден, мұның бәрі тегін.

Тұрғындар желіге өз күшімен қосыла алады. Ол үшін абоненттер үйдегі теледидар DVB-T2 стандартында көрсете ме, соны тексеруі керек. Мұндай жағдайда дециметрлік антенна сатып алып, теледидарға қосса жетіп жатыр. Егер теледидар бұл стандартта көрсетпейтін болса, антеннамен қатар цифрлық қабылдағыш сатып алу қажет.

Биыл маусым айында Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогтық телехабар тарату желісі өшіріліп, цифрлық телевизияға толық көшіріледі деп жоспарланған.

Жаңа жүйеге көшудің екінші кезеңін сараптау мақсатында «Қазтелерадио» АҚ әлеуметтік сауалнама жүргізді. Елді мекендерге еріктілер тобы жөнелтілді. Үш облыстан түрлі жас, топ өкілдерінен жүзден астам адам сауалнамаға қатысқан.

Қазақстандықтарға қойылған негізгі сұрақ: цифрлық телехабар таратуға көшу туралы біле ме, жоқ па.

Айша, Алматы облысының тұрғыны, мұғалім, 42 жаста:

«Иә, цифрлық жүйеге өту үшін қазір сондай бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын білемін. Алайда, шынымды айтсам, ол қашан болатыны, және ЦЭТВ-ға қалай қосылу керек екенін білмеймін. Өзім техникадан хабарым жоқ болғандықтан, ересек балаларымның көмегіне жүгінетін шығармын.»

Арман, Қостанай облысының тұрғыны, құбыр бөлшектерін пісіруші, 35 жаста:

«Алғаш ретестіп тұрмын, бірақ бұл жаңалыққа өте қуаныштымын. Бала-шағамызбен теледидар алдына жиі жиналамыз. Енді жақсы болды, арналар көбейеді. Міндетті түрде қосыламын!»

Санжар, Павлодар облысының тұрғыны, студент, 19 жаста:

«Әке-шешем ауылда тұрады, олар үшін бұл жақсы жаңалық. Бұл хабарды сол ата-анамнан естідім, ал олар Халыққа қызмет көрсету орталығынан білген екен. Желіге қосылу туралы ақпаратты интернеттен іздеп көрдім, әкеміз екеуіміз теледидардың жаңа стандартқа сай келетінін тексердік. Енді алдағы демалыс күндері оларға қабылдағыш алып келемін, сөйтіп ЦЭТВ-ға қосыламыз.»

Сауалнама нәтижесі бойынша, үш облыстың ішінде Қостанай облысының тұрғындары барынша мол ақпараттандырылған болып шықты. Сауалнамаға қатысқан аумақ тұрғындарының 75 пайызы ЦЭТВ туралы хабардар. Ақпаратты адамдар көп шоғырланған жерлерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, «Қазпочта» бөлімшелерінде, сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерден естіп-білген.

«Қазтелерадио» АҚ өкілдері цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу жобасы 2021 жылы аяқталатынын атап өтті.

Related posts

Post a Comment

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *