«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елде аналогты телерадио хабарларын таратуды толықтай өшіріп, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі жоба белсенді түрде іске асырылуда. Бүгінгі таңда 447 радиотелевизиялық станция салынып, жаңғыртылды. Бұл РТС Қазақстанның 4255 елді мекенін цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарының кейбір елді мекендерінде аналогты телерадио хабарларын таратуды кезең-кезеңмен өшіру қазірдің өзінде басталып кетті.
Алматы облысында 772 елді мекенді цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтитын 90 радиотелевизиялық станция пайдалануға енгізілді. Аналогты телерадио хабарларын толықтай өшіру облыста 28 маусымда Жаркент қаласында өтеді. Жобаны іске асырудың қорытындылары бойынша облыстың шамамен екі миллиондай тұрғынына цифрлық сападағы телевизия қолжетімді болмақ.
Павлодар облысында да ЦЭТХТ енгізу жөніндегі жобаны іске асыру аяқталды. Қазіргі уақытта облыстағы 385 елді мекеннің 356-сы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылды. Көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін облыста 29 радиотелевизиялық станция салынып, жаңғыртылды. Биылғы 1 шілдеден бастап Павлодар қаласының радиотелевизиялық станциясында бүкіл облыс бойынша аналогты телерадио хабарларын таратуды өшіру жүргізіледі.
Жобаны сәтті іске асыру мақсатында Қостанай облысында 59 РТС салынып, жаңғыртылды, олардың ішінде 32-сі жаңадан тұрғызылған. Барлық жұмыстардың қорытындысы бойынша цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамту деңгейі өңір халқының 98%-ын құрады, бұл –627 елді мекен. Бүкіл облыс бойынша аналогты телерадио хабарларын таратуды толықтай өшіру Қостанай қаласындағы радиотелевизиялық станцияда 1 шілдеде болады.
Аналогты эфирлік хабар таратуды өшіру мен цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу Қазақстанда бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. 2018 жылы АЭТХТ толықтай өшіре отырып, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жүзеге асырылды.