Scroll to top
ru kz

Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Салтанат Қайыржанқызы Өтеуғалиева марапатталды.

«Қазтелерадио» АҚ ұжымында өз ісіне адал, кәсіби шеберлігімен дараланған мамандар аз емес. Солардың бірі – Салтанат Қайыржанқызы Өтеуғалиева. Ол – мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға бүкіл еңбек жолын арнап келе жатқан білікті маман.

Салтанат Қайыржанқызы еңбек жолын 1989 жылы бастаған. Мемлекеттік тілді дамыту саласындағы еңбек өтілі — 29 жыл. 1995 жылдан бастап «Қазақ радиосында» қызмет етті, ал 1997–2007 жылдары аралығында республикалық «Ана тілі» газетінде тілші, кейін жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Журналистік шеберлігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында республикалық баспасөз саласында өз орнын тапқан.

Сонымен қатар, ол «Хабар» агенттігінің дубляж бөлімінде штаттан тыс аудармашы болып жұмыс істеген. «Аруна» баспасынан жарық көрген бірнеше балалар кітабының құрастырушысы. Ақпарат саласына сіңірген еңбегі үшін 2005 жылы «Мәдениет қайраткері» ведомстволық төсбелгісімен марапатталған.

2008–2013 жылдары аралығында «Қазпошта» АҚ-да мемлекеттік тіл жөніндегі менеджер қызметін атқарып, мекемеде іс жүргізуді қазақ тілінде жүргізуге елеулі үлес қосты. 2010 жылы пошталық салада жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің сөздігін әзірлеп, жарыққа шығарды. Кейін бұл сөздік негізінде «Зияткер» баспасы «Пошталық терминдердің үлкен сөздігін» құрастырды және таратты.

Салтанат Қайыржанқызы 2014 жылдың қыркүйек айынан бері «Қазтелерадио» АҚ-на қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде қоғамда мемлекеттік тілді дамыту және қолдану жұмыстары жүйеленіп, қазақ тіліндегі құжаттардың сапасы мен саны артты. Аударма үдерісі нақты жолға қойылды. Ол күнделікті жұмыс барысында әріптестеріне мемлекеттік тілде құжат дайындауға қатысты кеңес беріп, білікті, жауапкершілігі мол, тәртіпті жұмыскер ретінде танылды. 2021 жылы кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі үшін «Қазтелерадио» АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.

2025 жылғы 07 сәуірде мемлекеттік тілді дамытуға қосқан зор үлесі мен жоғары кәсіби жетістіктерін ескере отырып, Салтанат Қайыржанқызы Өтеуғалиева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

«Қазтелерадио» АҚ осындай кәсіби білікті, өз ісінің шебері болып саналатын жұмыскерлері барын мақтан тұтады. Жұмыскердің мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған еңбегі – ұлттық болмысты сақтау жолындағы бағалы үлес.

Related posts

Post a Comment

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *